Атыраудағы отбасының өлімі: күдіктіге тағы бір айып тағылды

Атырау облысы Жангелдин ауылындағы отбасын аяусыз өлтірді деген күдіктіге тағылған айыптар тізімі толығып, тағы бір бап қосылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты енді қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр:

  • 99-баптың 2-бөлігі – «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру»;
  • 188-баптың 2-бөлігі – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық».

Атырау облысының полиция департаменті адам өлтіру фактілері, сонымен қатар олардың мүлкін ұрлау деректері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық іс бойынша күдікті ұсталды және оған қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау шарасы таңдалды, – делінген хабарламада.

Ведомство сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Алайда күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне құқықтық баға әлі берілген жоқ.

Еске салайық, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында төрт адамнан тұратын отбасы жоғалып кеткен. 2026 жылғы қаңтарда отағасы мен оның әйелінің денесі өз үйлеріндегі сарайдан табылған болатын. Ал олардың екі ересек баласын іздеу жұмыстары осы уақытқа дейін жалғасқан. Ақпан айында отбасының күйеу баласы мен қызы Индонезияда ұсталды.