Respublica партиясы Қазақстанда өткен республикалық референдум қорытындысына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Құжатты партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров партия фракциясының кеңейтілген отырысында жария етті.
Парияның мәліметінше, жиынға мәжілістегі фракция депутаттары, орталық аппарат пен өңірлік филиал өкілдері, сонымен қатар ReJastary және ReWomen қоғамдастықтарының белсенділері қатысты.
Отырысты ашқан партия төрағасы референдумды елдің саяси дамуындағы маңызды кезең ретінде бағалады. Оның айтуынша, дауыс беруге сайлаушылардың 73,12%-ы, яғни 9,1 миллионнан астам азамат қатысқан.
Бұл Қазақстан азаматтарының ел болашағын айқындауға белсенді түрде қатысуға дайын екенін көрсетеді. Референдумға қатысқандардың 87,15%-ы ұсынылған шешімді қолдады. Бұл қоғамның мемлекеттік даму бағыты төңірегінде топтасқанын білдіреді, — деді Айдарбек Қожаназаров.
Оның сөзіне қарағанда, қабылданған өзгерістер саяси институттарды жаңғыртып, демократиялық тетіктерді күшейтуге және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
Партия төрағасы референдумға дайындық барысында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, партия өкілдері парламенттік реформаларды талқылауға қатысып, Конституциялық комиссия құрамында және Жалпыұлттық коалиция аясында жұмыс істеген. Сонымен қатар ел бойынша 1,5 мыңнан астам кездесу өткізіліп, конституциялық өзгерістердің түрлі салаларға әсері түсіндірілген.
Айдарбек Қожаназаров қазіргі кезеңдегі басты міндет ретінде қоғамдағы бірлікті сақтау мен қабылданған шешімдерді тиімді іске асыруды атады.
Мемлекеттік институттар, саяси партиялар және азаматтық қоғам алдында ортақ міндет тұр. Ол – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру, — деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша партия заңнамалық бастамаларды қолдап, экономиканы дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғам әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.
