Халықаралық inDrive компаниясы негізін қалаған Alternativa кинофестивалі 2026 жылғы 21–30 сәуір аралығында Медельин қаласында өтетін үшінші Alternativa Film Festival бағдарламасы мен қазылар алқасының құрамын жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Толықметрлі фильмдер байқауының қазылар алқасына колумбиялық актриса, продюсер әрі активист Наталия Рейес төрағалық етеді. Фестивальдің негізгі алаңдары — Медельин заманауи өнер музейі және Colombo Americano мәдени орталығы.
Alternativa Film Festival кинофестивалі жаһанның оңтүстігінен шыққан әлеуметтік маңызы бар кинотуындыларды насихаттауды мақсат етеді. Биылғы бағдарламаға Латын Америкасы мен Азия елдерінен іріктелген фильмдер енген. Жалпы байқауға 15 толықметрлі және 15 қысқаметрлі, барлығы 30 фильм қатысады.

Олардың қатарында Орталық Азиядан екі туынды бар: қазақ режиссер Жаннат Алшанова түсірген «Жеңімпаздар о бастан байқалады» және қырғыз режиссеры Нуржамал Карамолдоева түсірген «Аспан ғана біледі». Сонымен қатар байқаудан тыс бағдарламада қазақ режиссер Әділхан Ержановтың «Кадет» мистикалық триллері көрсетіледі.
Фестиваль аясында көрермендерге тегін көрсетілімдер, талқы-пікірталастар және арнайы іс-шаралар ұсынылады. Биыл алғаш рет Impact Hits секциясы енгізіліп отыр.
Сонымен бірге кәсіби қауымдастыққа арналған Industry Days бағдарламасы өтеді. Бұл алаң кинематографистер мен әлеуметтік өзгеріс көшбасшыларының тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Фестиваль соңында жүлде қоры 120 мың АҚШ долларын құрайтын марапаттау рәсімі өтеді. Биыл жүлделер саны жетіге дейін артқан.
