Не болды?

Жасөспірімдік кезең – адамның эмоциялық тұрғыдан өте сезімтал болатын уақыты. Осы кезеңде түрлі қиындық, түсінбеу немесе жалғыздық сезімі баланың психологиялық жағдайына қатты әсер етуі мүмкін.

Клиникалық балалар психологы Әсем Ілесбай Baribar.kz тілшісіне жасөспірімдер арасындағы қайғылы жағдайдың алдын алу үшін не істеуге болатынын айтып берді.

«Ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату керек»

Ең алдымен, баламен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату маңызды, — дейді маман.

Көп жағдайда бала мәселесін айтудан қорқады немесе оны ешкім түсінбейді деп ойлайды. Ата-ана мен мұғалімдер баланың ойын тыңдап, оның сезіміне құрметпен қарауы керек. Бала өзін түсінетін адам бар екенін сезінсе ғана ашылады, ойындағысын айтады.

Суицидтің алдын алу үшін мектеп пен отбасының рөлі ерекше. Мектептегі психологтардың жұмысы, қолдау бағдарламалары мен психологиялық сауатты арттыруға бағытталған сабақтар балаларға эмоциясын дұрыс түсінуге көмектеседі.

Психологтың айтуына қарағанда, суицид жасауға бел байлаған бала өзін емес, ішкі процестерін жазалайды. Жанын жегідей жеген ауыр сезімге қарсы әрекет етуді көздейді. Бұған дейін ондай қиын жағдайға тап болмаған психикасы ауырлықтан ажыраудың бір жолы ретінде осы қадамды таңдайды

«Түсінуге көмек беріңіз»

Бұл тақырыпты жоққа шығарып ығыстырмау керек. Керісінше, балаларға эмоциялық процестерін өткеруіне көмектесуі қажет, – дейді психологӘсем Ілесбай.

Психологтың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алуда стресс, буллиң және әлеуметтік қысым сияқты факторлардың әсерін азайтқан да маңызды. Құрдастар арасындағы келемеждеу немесе қысымның кесірінен бала өзін жоғалтып алуы, өзіне деген сенімінен айрылып қалуы мүмкін.

Үлкендер мұндай тақырыптарды жылы жауып қоя салуға бейім. Бас қатырғысы келмейді. Алайда балаңызбен дәл осы тақырыптарды талқыламасаңыз, соңы жаман болу мүмкін. Балаға өз эмоциясын түсінуге көмектесу – суицидті болдырмаудың негізі.

Суицид– өткір травмалардың соңы. Бала бұл нәрсеге жетпес үшін үлкендер  оның бұл сезімін тыңдап, қабылдап, бірге өткеріп, баланың күйін құнсыздандырмауы керек.