15 наурызда өтетін референдум қарсаңында ішкі істер министрлігі ресми үндеу жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомство өкіл Шыңғыс Әлекешев азаматтарды жалған ақпаратқа сақ болуға шақырды.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мұндай маңызды кезеңде арандату сипатындағы және шындыққа жанаспайтын хабарламалар жиі таралады. Мұндай контенттің мақсаты – қоғамды адастыру және тұрақсыздық тудыру. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты жалған материал жасау жеңілдеген. Көрінеу жалған ақпарат тарату — заң бұзушылық. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деді Шыңғыс Әлекешев.
ІІМ азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ақпараттық мәдениетті сақтауға және күмәнді хабарламаларды әрі қарай жібермеуге шақырды. Ведомство референдум кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің толық қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
