Астанада қар күреуге 1 688 техника тартылды

Астананың коммуналдық қызметі алғаш қар жауған күннен бастап, күні-түні тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әкімдіктің мәліметінше, өткен түнде елордадан қар полигондарына 2 719 ауыр жүк көлігінің рейсі арқылы 44 042 текше метр қар шығарылды. 11 наурыз күні таңертең қар күреуге шамамен 1 688 техника мен 3 000 жол жұмысшысы тартылды.

Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жүргізіледі. Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына 473 228 рейспен 7 миллион 134 мың 590 текше метр қар шығарылды. Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр, — делінген хабарламада.

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жол мен тротуарда барынша сақ болуға, сонымен қатар қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.