FlyArystan Ақтау – Дубай бағытындағы рейстерді уақытша тоқтатты

Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай мен өңірде енгізілген шектеулерге байланысты FlyArystan әуе компаниясы АқтауДубай – Ақтау бағыты бойынша рейстер кестесіне өзгеріс енгізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әуекомпанияның мәліметінше, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған бағыттағы рейстер 2026 жылғы 31 наурызға дейін уақытша тоқтатылады. Бұған дейін бұл бағыттағы рейстер аптасына екі рет — сейсенбі және сенбі күндері орындалып келген.

Күші жойылған рейстердің жолаушыларына әуе билеттерінің толық құны айыппұлсыз қайтарылады немесе сапарды басқа күнге тегін қайта брондау мүмкіндігі ұсынылады. Ол үшін билетті сатып алған орынға жүгіну қажет.

Әуекомпания өкілдері өңірдегі жағдайды бақылауды жалғастырып жатқанын және авиациялық билік органдарымен тұрақты байланыста жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.