«Аппақ, аппақ, жапалақтап, қар жауады тынбастан…», — деп басталатын бала кезде жаттаған өлең жолдары есіңізде ме? Бұл тақпақтың авторы ақын Әнуарбек Дүйсенбінің туғанына биыл 95 жыл толып отыр.
Алматыдағы Ziyat баспасы ақынның тақпақтарын жинақтап, «Ақ мамам» деген кітап шығарды. Baribar.kz тілшісі Ziyat баспасы мен кітап дүкенінің иесі Асылан Тілегенмен сұхбаттасып, кітап қалай құрастырылғаны мен балаларға пайдасын сұрап білді.
«Аю отыр партаданың» себебінен «Ақ мамам» кітабы шықты

«Ақ мамам» кітабын шығаруға балалардың көбіне «Аю отыр партада» деген тақпақты айтатыны түрткі болған. Асылан Тілегеннің ойынша, балабақшадағы іс-шараларда айтылатын тақпақтар балалардың санасына сай емес. Ол бүлдіршіндер көркемдігі осал, ұйқасы әлсіз тақпақтарды жаттап жүргенін байқаған.
Бұл ойға екі жыл бұрын бекіп едім. Кішігірім дүкеніміздің жанынан баспа ашып, кітап шығаруға кіріскенде небір ой келді ғой. Сонда «Бізге қандай кітаптар жетіспейді?» дегенде, балабақшаның кітап сөресі бос секілді көрінді. Шынында солай болып шықты. Оның бір көрінісі – балабақшада өтетін әртүрлі іс-шара. Бүлдіршіндердің санасына сай емес, көркемдігі жоққа тән, ұйқасы ақсап жатқан тақпақтарды жаттап жүргенін байқадым. Таныстарым «Мына тақпақты түзеп бересің бе?» деп жиі өтініш айта бастады. Содан соң бала біткеннен тақпақ сұрасаң, «Аю отыр партададан» басқа ештеңе білмейді. Оның сапасы айтпаса да белгілі. Осындай жайларды ескере келе, тақпақтар жинағын шығаруды қолға алдым, — деді Ziyat-тың негізін қалаушы.
«Ақ мамам» кітабы – Ziyat баспасынан шыққан алғашқы тақпақтар жинағы. Авторы Әнуарбек Дүйсенбі «Балдырған» журналының алғашқы жауапты хатшысы болған, балалар поэзиясымен кәсіби тұрғыда айналысқан.
Автор туралы біраз мақала, естелік оқыдым. Бәрі де оны балаларға тақпақ жазудың хас шебері деп мойындаған, — дейді Асылан Тілеген.
Кітап қай жастағы балаға арналған?
Асылан Тілеген өлеңдерді жинақтау үшін ақынның бұған дейін шыққан кітаптары мен «Балдырғанның» архивін ақтарыпты.
Тақпақтар өзінен өзі іріктелді десем болады. Себебі ақынның өлеңдері санамда жаңғырып тұр. «Апаң сенің базардан…», «Аппақ, аппақ, жапалақтап, қар жауады тынбастан…», «Ел жатқанда жатпаған…», «Ақпыз, қара, сарымыз…» деп басталатын тақпақтарды бала күнімде жаттағанмын. Кейбірінің әні де бар. Міне, осы өлең жолдарының авторы Әнуарбек атамыз екен. Балалардың жадында авторы есте қала бермейді ғой. Өзімнің айналамнан сұрасам, бұл өлеңді көбі білетін болып шықты. Демек, олардың да санасына әбден қатталып қалған ғой. Кейін кітап шығарарда бұған дейін шыққан барлық кітабын ақтардым. «Балдырған» журналының 70 жылдық архивін де қопардым. Сөйтіп бүгінгі балаларға жаттауға лайық, мейлінше ықшам түрлерін іріктеп алдым, — дейді ол.
Асылан Тілегеннің айтуынша, кітап балабақшаның жоғары тобына және бастауыш класс оқушыларына арналған. Себебі мұнда ата-ана, жаңа жыл, әліппе, ұстаз, мектеп сынды тақырыптағы тақпақтар да бар екен.

Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамыту үшін өлең (поэзия, тақпақ) қалай болғанда да маңызды десек, жарасатын шығар. Бастысы, дұрыс кітап болса болғаны, — дейді баспагер.
«Әріп танымайтын бала да кітаптағы суретті қиялымен сөйлетуі керек»
Асылан Тілеген бүгінгі жас буынның шығармашылыққа қызығушылығын арттыру үшін сапалы кітап қажет және ата-ана оны баламен бірге оқуды қолға алса, кітапқа қызықпайтын бала болмайды деп біледі.
Біз ең алдымен сапаға мән бердік. Кітапты парақтауға ыңғайлы болсын деп қатты мұқабамен шығардық. Кітап беті көзді қарықтырмауы үшін тұтас түстен бас тарттық. Демек, кітапты толықтай суретші безендірді, барлық сурет қолмен салынды. Бұған айрықша назар аудардым. Жазушы Молдахмет Қаназдың «кітапты безендіру – өз алдына көркем шығарма» деген сөзі бар еді. Демек, кітаптың суретінен әріп танымайтын баланың өзі ләззат алып, суретті қиялымен сөйлетуі керек деп ойлаймын. Суретті қағазға салатын суретшілер басқалардан гөрі (ЖИ қолданатындар, планшетке салатындар) қымбат ақы алады. Соған қарамастан, идеяны жүзеге асыру үшін барымызды салдық, — дейді ол.
Бұл кітап демеушісіз, баспа есебінен оқырманға жол тартты. Екі жыл дегенде енді жарыққа шығып отыр.

Биыл Әнуарбек Дүйсенбінің туғанына 95 жыл толып отыр. Бұл — бір жағынан, балалар әдебиеті классигінің мерейтойына тартуымыз. Ендігі кітаптарға демеуші іздесек дейміз. Себебі балабақшаның кітап сөресін жақсы кітаптармен толтырғымыз келеді, — дейді Ziyat-тың иесі.
«Ақ мамам» кітабы Ziyat-тың өз дүкенінде және Каспи дүкенде сатылып жатыр.
