2026 жылғы 1 наурызда XI Халықаралық Baiqonyr Film Festival (BFF) кинофестиваліне қатысуға өтінім қабылдау басталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Барлық байқау бағдарламасына фильмдерді 1 шілдеге дейін тапсыруға болады. Фестиваль 2026 жылғы 19–25 қыркүйек аралығында өтеді.
Биыл фестиваль бағдарламасы төрт бағыттан тұрады:
- Дебюттік толықметрлі көркемсуретті фильмдердің халықаралық байқауы
- Халықаралық қысқаметрлі фильмдер байқауы
- Ұлттық қысқаметрлі фильмдер байқауы
- Baiqonyr Pitching (сценарийлер байқауы)
Фильмдер түпнұсқа тілде, ағылшын тіліндегі субтитрмен қабылданады. Қатысушыларға жас шектеуі жоқ. Байқауға 2025–2026 жылдары түсірілген және бұған дейін Baiqonyr-ға ұсынылмаған жұмыстар қабылданады. Қысқаметрлі фильмдер байқауына ұзақтығы 30 минутқа дейінгі туындылар қабылданады. Сонымен қатар бір автордан немесе сценаристер тобынан берілетін өтінім санына шектеу жоқ.
2026 жылы фестиваль аясын кеңейтіп, Еуразия елдерінен де өтінім қабылдаймыз. Бұл фестивальдің халықаралық ауқымын едәуір ұлғайтады, – деді фестивальдің негізін қалаушы әрі президенті Әнуар Кенжебаев.
Биыл Baiqonyr Pitching байқауы қайта оралды. Бұл жоба жас авторларға өз идеясын сценарийден дайын фильмге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Қатысушылар менторлардан кеңес алып, продюсерлік қолдауға ие болады, сонымен бірге саладағы ресурстарға қол жеткізеді. Питчиң кураторы – танымал продюсер Әсел Ержанова. Pitching Day 21 қыркүйекке жоспарланған.
Фестивальдің толық бағдарламасы мен күнтізбесі арнайы презентацияда жарияланған. Фильмдерді FilmFreeway платформасы арқылы жіберуге болады.
