Вьетнамда 26 жастағы Әсем есімді қазақ қызы жоғалып кетті. Туыстары оны 6 наурыздан бері іздестіріп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Осыған қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі азаматтың туыстарымен байланыста және Вьетнамның құзырлы органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта оның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында, – делінген хабарламада.
«Біреулер аңдып жүрген»
Әсемнің жоғалғаны туралы оның әпкесі әлеуметтік желіде жазған. Оның айтуынша, бойжеткен 6 наурызда Ханой қаласына ұшып барып, қазақ консулымен кездесуі керек болған.
Алайда әуежайға шамамен 20 шақырым қалғанда Әсеммен байланыс үзіліп кеткен. Туыстарының сөзіне қарағанда, ол соңғы хабарламаларында артынан біреулер аңдып жүргенін айтып, қатты қорқып жүргенін жеткізген.
Қазіргі уақытта оның жақындары Вьетнамда немесе көрші елдерде жүрген қазақ туристерден көмек сұрап отыр. Әсіресе WhatsApp және Telegram мессенджерлеріндегі туристік және жергілікті қауымдастық чаттарына назар аударуды өтінеді.
