Үкіметте инфляция және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын бақылауға арналған кеңес өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сауда және интеграция министрлігі бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, азық-түлік инфляциясы төмендеу үрдісін жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, көрсеткіш желтоқсандағы 13,5%-дан қаңтарда 12,9%-ға, ал ақпанда 12,7%-ға дейін төмендеген.
Оның сөзіне қарағанда, бұл үрдіске әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімінің кеңейтілуі әсер еткен. Аталған тізім 19 атаудан 31 атауға дейін ұлғайтылған.
Бағаның тұрақтануына әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуын мемлекеттік бақылаудың күшейтілуі де ықпал етіп отыр. Жыл басынан бері сауда комитеті талаптарды бұзғаны үшін 800-ден астам әкімшілік іс тіркеген.
Жалпы ел бойынша инфляция бесінші ай қатарынан баяулап келеді. Мәселен, 2025 жылдың қыркүйегіндегі 12,9%-дан 2026 жылғы ақпанда 11,7%-ға дейін төмендеген.
Наурыз айының алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі 0,1% болған. Әдетте наурыз айында маусымдық баға өсімі байқалады. Алайда министрлік бағаны тұрақтандыру үшін баға акцияларын ұйымдастыруды және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар көрші елдерден көкөніс өнімдерін жеткізуге арналған «жасыл дәліз» механизмі де жұмысын жалғастыруда.
Кеңес барысында сүт өнімдерінің қымбаттағаны атап өтілді. Бұл, ең алдымен, негізгі шикізат — шикі сүт құнының өсуімен байланысты. Бұдан бөлек, энергия ресурстары бағасының артуы мен өндірістік шығындардың көбеюі де әсер етіп отыр.
Айта кетейік, сүт өнімдері азық-түлік инфляциясының құрылымында шамамен 6,3% үлеске ие.
