Алматыда Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге дайындық аясында гүл сатуға арналған арнайы сауда орындары белгіленді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаланың кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңы талаптарына және аудан әкімдіктерінің ұсыныстарына сәйкес қала бойынша гүл өнімдерін сатуға арналған 1150 сауда орны анықталған.
Гүл саудасы 6–8 наурыз аралығында Алматы қаласының арнайы белгіленген алаңдарында ұйымдастырылады. Сауда орнын алу үшін кәсіпкерлер жоспарланған сауда нүктесі орналасқан аудан әкімдігіне өтінішпен жүгінуге тиіс. Егер бос орын болса, кәсіпкерге гүл сатуға рұқсат беретін құжат — меморандум рәсімделеді, — делінген хабарламада.
Басқарма өкілдері белгіленген орындардан тыс жерде өз бетінше сауда жасауға болмайтынын ескертті. Сондықтан кәсіпкерлерге талаптарды сақтап, сауданы тек ресми белгіленген орындарда жүргізу сұралады.
