Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Гүл жеткіземіз деген сылтауымен SMS-код сұраса, не істеу керек?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Бас прокуратура 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында алаяқтық фактілері жиілейтінін ескертті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ведомство мәліметінше, 8 наурыз мерекесі алдында алаяқтар азаматтардың мерекедегі қарбаласын, гүл мен сыйлыққа тапсырыс көбейетіні мен онлайн төлем артатынын пайдаланып, олардың ақшасы мен жеке дерегіне қол жеткізуге тырысады.

Гүл немесе сыйлық жеткізу

Мереке кезеңінде алаяқтар азаматтарға түрлі сылтаумен қоңырау шалып немесе хабарлама жіберуі мүмкін. Ең көп тараған тәсілдердің бірі — гүл немесе сыйлық жеткізу рәсімделгенін айтып, «тапсырысты растау үшін» SMS-код сұрау. Сонымен қатар жалған ұтыс, бонус немесе акция туралы хабарлап, телефонға келген растау кодын айтуды талап етуі мүмкін. Кей жағдайда олар өзін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі немесе курьер компанияны қызметкері деп таныстырады, — делінген хабарламада.

Прокуратура бір реттік SMS-код қаржылай операцияларды растауға арналған құпия құрал екенін айтып отыр. Мұндай кодты үшінші тұлғаға беру банктегі қаражаттың жоғалуына, несие рәсімделуіне немесе банк қолданбасына қол жеткізуге әкелуі мүмкін.

Банк қызметкерлері де, құқық қорғау органдары да телефон арқылы SMS-кодты, құпиясөзді немесе банк картасының дерегін сұрамайды. Кейбір жағдайда тауар жеткізген кезде растау коды қолданылуы мүмкін. Алайда ол тек азамат өзі алдын ала рәсімдеген тапсырыс бойынша және тауарды алғанын растау үшін керек. Зат жекізілетіні туралы хабарлама күтпеген жерден келіп, код айтыңыз десе, әңгімені бірден тоқтату қажет, — делінген хабарламада.

Жалған акция мен арзан гүл жарнамасы

Сонымен қатар алаяқтар әлеуметтік желілерде, соның ішінде Instagram және TikTok платформаларында жалған парақшалар ашып, гүл мен басқа да тауарларды өте арзан бағамен ұсынып, алдын ала төлем талап етуі мүмкін. Ақша түскеннен кейін мұндай парақшалар жабылып, сатушымен байланыс үзіледі.

SMS-код сұраса, не істеу керек?

Прокуратура азаматтарға гүл мен сыйлықты тек сенімді сатушыдан сатып алуға, төлем жасар алдында алушының дерегін мұқият тексеруге, күмәнді сілтемені баспауға және ешқандай жағдайда бөгде адамға SMS-код пен банк дерегін бермеуге кеңес берді.

Күдік туындаса, банкке ресми нөмірмен хабарласып, қажет болса құқық қорғау органдарына бару ұсынылады.