2025 жылғы деректер бойынша елде 1 миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, әйелдер жетекшілік ететін кәсіпорындар елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 48,1% болды.
Әйелдер сауда, қызмет көрсету, сұлулық индустриясы, қоғамдық тамақтану, білім беру жобалары, сонымен қатар экологиялық және әлеуметтік бастамалар саласында белсенді жұмыс істеп келеді. Олар өңірлердің экономикасын нығайтып, технологиялық әрі қоғамға бағытталған жаңа кәсіпорындар құрып жатыр, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, жалпы алғанда 365,7 миллиард теңгеге 3373 жоба қолдау тапқан. Оның 42%-ы, яғни 1423 жоба әйелдерге тиесілі. Сонымен қатар кепіл жетіспейтін кәсіпкерлер үшін мемлекет кепілдік беру механизмін ұсынады. Осы тетік арқылы шағын және орта бизнеске 7 миллиард теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.
Кепілдіктің ең жоғары мөлшері 85%-ға дейін, бірақ 3,5 миллиард теңгеден аспайды. Жалпы 603,4 миллиард теңгеге 3110 жоба қолдау тауып, 304,2 миллиард теңгеге кепілдік берілген. Оның ішінде 1262 жобаны әйелдер жүзеге асырған. Олар 67,7 миллиард теңге көлемінде кепілдік алып, 132,4 миллиард теңге несие рәсімдеген, — делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау іс-шаралары шағын және орта бизнесті дамытуға ғана емес, гендерлік теңдікті нығайтуға да ықпал етеді.
