Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген ерлі-зайыптыны Индонезиядан қайтару жақын арада жүзеге асатынын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Екі күдікті жақын арада Индонезиядан Қазақстанға жеткізіледі, яғни осы айда алып келеміз, — деді Санжар Әділов.
Сонымен қатар министрдің орынбасары аталған отбасының екі ересек баласын іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтты.
Еске салайық, былтыр жыл соңында Атырау облысы Жангелдин ауылында тұратын ерлі-зайыптылардың жоғалғаны туралы ақпарат тараған еді. 25 желтоқсанда туыстары полицияға арызданғаннан кейін іздестіру жұмыстары басталды. Кейінірек үй ауласындағы шаруашылық нысанынан ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды.
Марқұмдардың үш баласы бар – 35 және 30 жастағы қыздары мен 32 жастағы ұлы. Олар 25 желтоқсанда ресми түрде із-түзсіз жоғалғандар қатарына енгізілген болатын.
Қазақстанды дүр сілкіндірген ерлі-зайыптының өліміне қатысты күдіктілер Индонезия аумағында қолға түсті.
