Мазмұнға өту
Басты бет / Экономика /

ҚСЗИ-де конституциялық реформаның қағидалары талқыланды

Фото: ҚСЗИ
27 ақпанда Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты алаңында Конституциялық комиссия мүшелері мен жас сарапшылардың қатысуымен «Конституциялық реформаның негізгі қағидалары: ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында диалог өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Іс-шараға ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов, мәжіліс депутаты Юлия Кучинская, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті проректоры Индира Рыстина, саясаттанушы Талғат Қалиев, сонымен қатар «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова қатысты.

Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Талқылау барысында экологиялық қауіпсіздік, тұрғын үй құқықтарын қорғау, ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасы, өтпелі кезең тетіктері және жаңа саяси институттар мәселелері көтерілді.

Жандос Шаймарданов жаңа Конституция жобасында азаматтар мен мемлекетке экология саласында нақты міндеттер жүктелетінін атап өтті. Оның айтуынша, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға қатысты ақпараттың ашықтығы және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі құжатта айқын көрсетілген.

Талғат Қалиев экологиялық нормаларды ұрпақтар сабақтастығы тұрғысынан қарастыру қажеттігін айтты. Ал Индира Рыстина конституциялық деңгейде бекітілген нормалар кейін салалық заңнама арқылы нақтыланатынын түсіндірді.

Тұрғын үй құқықтары мәселесіне тоқталған Юлия Кучинская, әсіресе балалы отбасыларға қатысты соттық қайта қараудың маңызын атап өтті. Спикерлердің айтуынша, жоба жалға алушыларды қорғау мен меншік иелерінің құқықтарын сақтауды тең ұстануға бағытталған.

Сонымен қатар өтпелі кезеңдегі құқық қолдану тәжірибесі талқыланды. Қатысушылар заң мен Конституция арасында қайшылық туындаған жағдайда негізгі заңның нормалары қолданылатынын айтты.

Халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманың арақатынасы, инвесторларға арналған арнайы режимдер, сонымен бірге Вице-президент институтын енгізу мәселелері де күн тәртібінде болды.

Қорытындысында сарапшылар жаңа Конституция жобасының бірқатар нормалары қолданыстағы құқықтық жүйеге негізделгенін, бұл сабақтастықты сақтап, құқықтық тәуекелдерді азайтатынын атап өтті.

Мақалаға реакция