Өскеменді түтін тұмшалады: күкірт диоксиді 2 есе артты

Өскеменде қатарынан екінші күн атмосфералық ауа сапасы нашарлап, зиянды қоспалардың шекті мөлшерден асқаны тіркелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, жүргізілген мониториң нәтижесінде күкірт диоксидінің концентрациясы нормадан 2,078 есе, күкіртсутек 1,5 есе артқан. Сонымен қатар көміртегі тотығының мөлшері 1,025 есе жоғарылаған.

27 ақпанда да қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталады. Осыған байланысты ауаның ластану деңгейі жоғары болуы мүмкін. Қазіргі уақытта ҚМЖ-ның бірінші дәрежесі жарияланған. Бұл атмосфера толық тазармайтын, жел әлсіз соғатын кезең екенін білдіреді. Күкірт диоксиді мен күкіртсутек – Өскемен ауасын ластайтын негізгі компоненттердің бірі. Желдің болмауы мен жауын-шашынның түспеуі өндірістік шығарындылардың ауа сапасына әсерін күшейтеді, — делінген хабарламада.

Экологтардың дерегінше, ҚМЖ жарияланған кезде кәсіпорындарға бақылау күшейтіліп, өндіріс көлемін азайту жөнінде ұсынымдар беріледі. Алайда атмосфералық тұрақтылық сақталған жағдайда ластаушы заттардың жиналуы жалғасуы ықтимал.

Қала тұрғындары ауадағы өткір иіс пен жайсыздықты сезінгенін айтады. Мамандар мұндай кезеңде далада ұзақ уақыт болмауға және сақтық шараларын күшейтуге кеңес береді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да