Алматы облысында қызды жарты жыл бойы аңдыған ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сот материалдары бойынша, ер адам былтыр қыркүйек айынан бастап жәбірленушіні еркіне қарсы жүйелі түрде мазалаған.
Ол бірнеше рет қоңырау шалып, WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы хабарламалар жіберген. Жәбірленуші оны бұғаттағаннан кейін де байланыс орнату әрекеттерін тоқтатпаған. Тіпті Kaspi.kz қосымшасы арқылы жәбірленушінің шотына аз мөлшерде ақша аударып, аударым мәтініне хабарламалар жазып отырған. Бұл әрекеттер бірнеше рет қайталанған, – делінген сот хабарламасында.
Салдарынан жәбірленуші үнемі үрей мен қорқыныш сезімін бастан кешіріп, ұйқысы бұзылған. Оның психикалық жай-күйіне елеулі зиян келіп, қалыпты өмір салты өзгерген.
Сот ер адамды қылмыстық кодекстің 115-1-бабы (сталкиң) бойынша кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
