Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы Mergen арнаулы әлеуметтік дәріханалар желісін ашты. Жоба – компанияның қызметкерлері мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатының жалғасы. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Mergen дәріханалары қызметкерлерге дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды үстемесіз, әділ әрі қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Қазір дәріханалар Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Ақтөбе, Хромтау және Рудный қалаларында жұмысын бастады. Алғашқы кезеңде олар ERG құрамындағы «Евразия» медицина орталығы емханаларының ғимараттарында орналасқан. Дәріханаларда емдік препараттармен қатар күтімге қажет өнімдер және медициналық мақсаттағы өзге де бұйымдар ұсынылады. Әр нүктеде білікті фармацевтер кеңес береді. Жоба кезең-кезеңімен дамытылып, өнім түрлері ұлғайтылады, — делінген хабарламада.

Бұған дейін компания қызметкерлерге арналған Mergen әлеуметтік дүкендер желісін іске қосқан еді. Қазір 16 дүкен жұмыс істеп тұр, онда Қазақстанның өнімдері нарықтағы бағадан төмен ұсынылады.
ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажановтың айтуынша, бұл бастама – қызметкерлерге медициналық қолжетімдікті қамтамасыз етуге бағытталған ұзақмерзімді міндеттеме.
