Не болды?
Батыс Қазақстан облысында күрделі жол жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023 жылғы наурызда «Сырым» аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Сапак» өндірістік кооперативі арасында келісімшарт жасалған. Келісім бойынша, 259 млн теңгеге Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылындағы жолды жөндеу қажет.
«Алайда «Сапак» ӨК директоры мен «Ак-Би» ЖШС басшысы келісіп, қаражатты иемдену жолын ұйымдастырған. Күдіктілер құжатқа жалған мәлімет енгізіп, асфальт төсеу, жер қазу, бетондау, су құбырын жүргізу және басқа да жол жұмыстарын толық көрсетпеген. Іс жүзінде жұмыс аяқталмаған және жоспардан әлдеқайда аз міндет орындалған», — делінген хабарламада.
Тапсырыс беруші бюджет қаражатын «Сапак» ӨК-нің есепшотына тұрақты түрде аударып отырған. Бюджеттен жымқырылған қаражатты осы іске қатысы бар азаматтар жымқырған. Жалпы шығын көлемі – 56,5 млн теңге. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Бұған дейін сот үкімі бойынша, «Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы лауазымын теріс мақсатта пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған.
Контекст
Естеріңізге салайық, былтыр Өскеменде жол күтіміне бөлінген қаржы жымқырылған еді.
