Өскеменде жол күтіміне бөлінген қаржы жымқырылды

Өскеменде коммуналдық кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерге қатысты 120 миллион теңге бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі хабарлап отыр.

Агенттіктің мәліметінше, күдіктілердің қатарында «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар. Олар 2022–2023 жылдары мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтіп, бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар компаниялардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған.

Тергеу барысында материалдарды жеткізу мен техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімделгені анықталды. Құжаттарда битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған техника жалдау және бұрын орнатылған аялдамаларға материал алу туралы жалған мәліметтер көрсетілген.

Жиналған деректерге сәйкес, заңсыз алынған қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген. Күдіктілер ұрланған қаржыға қымбат пәтер, жер телімдері мен BMW X6M және Subaru Forester көліктерін сатып алған. Бұл мүлікке сот шешімімен тыйым салынды. Бұрынғы директор екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да