Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Референдум-2026: дауыс берушілер тізімі онлайн тексеріледі

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Орталық референдум комиссиясы мен жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі азаматтардың референдумға қатысу тәртібіне қатысты бірлескен қаулы мен бұйрық жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Құжат бойынша, учаскелік комиссия мүшелері азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін арнайы онлайн сервис арқылы тексереді. Егер азамат өзін референдумға қатысушылар тізімінен таппаса, жазбаша өтініш беру арқылы дауыс беру мүмкіндігіне ие болады.

Өтінішті қарау барысында комиссия мүшесі:

  • ЖСН арқылы «электронды үкімет» порталында авторландырудан өтеді;
  • логин/пароль және электронды цифрлық қолтаңба көмегімен жүйеге кіреді;
  • өтініш берушінің ЖСН енгізіп, оның тұрақты тіркелген мекенжайы туралы мәліметтерді тексереді.

Егер азаматтың тұрақты тіркеуі расталса, учаскелік комиссия оны референдумға қатысушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Ал тіркеу мәліметтері расталмаған жағдайда, комиссия тиісті өңірдің Call-орталығына хабарласып, азаматтың нақты учаскесін анықтауға құқылы. Соның негізінде өтінішті қабылдамау туралы дәлелді шешім шығарып, оның көшірмесін өтініш берушіге береді.

Онлайн сервис арқылы алынған деректер тізімге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдау кезінде негіз ретінде пайдаланылады. Тексеру қорытындысы азаматтың «электронды үкімет» порталындағы жеке кабинетіне жолданады. Құжатта учаскелік комиссия мүшелері азаматтардың дербес деректерінің құпиялылығын сақтауға міндетті екені және бұл талап Қазақстан заңнамасына сәйкес қорғалатыны атап өтілген.

Еске салайық, Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша республикалық референдум 15 наурызға белгіленген.

Мақалаға реакция