Астанада ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып бірнеше рет алаяқтық жасаған тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Прокуратураның мәліметінше, кінәлі азаматша Instagram әлеуметтік желісінде тиімді инвестициялар, арзан туристік жолдамалар және шетелде жұмысқа орналастыру туралы жалған жарнамалар жариялаған. Азаматтарды жаңылыстырып, олардың сенімін теріс пайдалану арқылы жәбірленушілерден ақша алып, өз міндеттемелерін орындамаған.
Қылмыстық әрекеттер салдарынан 10 адам зардап шегіп, оларға 7,7 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынып, бас бостандығынан айыру түріндегі нақты жаза тағайындауды сұраған. Сот үкімімен азаматша алты жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талап арыздары қанағаттандырылып, үкім заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.
Астана прокуратурасы тұрғындарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану кезінде сақ болуға, интернеттегі жеңіл табыс, арзан турлар мен инвестициялар туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және алаяқтық фактілері анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.
