Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарына алаяқтар жиі қолданатын айла-шарғылар туралы ескерту жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Android операциялық жүйесі орнатылған мобайл құрылғыларға зиянды бағдарламаны орнатып, тарату жағдайлары тіркеліп жатыр. Қаскөйлер оны тарату үшін түрлі тәсілдер қолданады. Олар:
- мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы фишингтік сілтемелерді тарату;
- жалған мобайл қолданбалар;
- фото, бейне және құжаттар түрінде жасырылған зиянды қолданбалар;
- мемлекеттік органдар, банктер және жеткізу қызметтері атынан жіберілетін хабарламалар;
- акцияға немесе ұтыс ойынына қатысу сылтауымен қолданба орнатуды талап ететін қоңыраулар.
Мұндай бағдарлама орнатылғаннан кейін алаяқтар құрылғыға қашықтан қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шоттардағы қаражаттың ұрлануына, онлайн-несиелердің рәсімделуіне, жеке деректер мен хат алмасудың таралуына, сонымен қатар телефонды бұғаттап, төлем талап етуге әкеп соғуы мүмкін.
Өзіңізді қорғау үшін үшінші тұлғалардың өтініші бойынша қолданбаларды орнатпаңыз, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге хабарламаңыз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, тек ресми қолданбаларды және антивирустық бағдарламаны пайдаланыңыз, банк операциялары туралы хабарламаларды қосыңыз. Телефоныңызда қауіпті бағдарламаның болу белгілері: батареяның тез таусылуы, құрылғының қызып кетуі және бейтаныс қосымшалардың пайда болуы. Күдік туындаған жағдайда интернетті дереу өшіріңіз, банкпен байланысыңыз және құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Сақ болыңыз. Цифрлық қауіпсіздік өзімізден басталады, – деді ІІМ.
