Алматыда ең ірі әрі адам көп баратын қоғамдық кеңістіктердің бірі – тұңғыш президент саябағы кешенді қайта жаңартудан өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Құрылыс жұмыстары саябақ аумағын толық жаппай, кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алғашқы кезеңде негізгі жұмыстар басталатын оңтүстік бөлігі уақытша жабылады. Ал орталық бөліктен кіреберіс аркаға дейінгі аумақ келушілер үшін ашық күйінде қалады. Бірінші кезең аяқталған соң жаңартылған бөлік қайта ашылып, жұмыс келесі аумақта жалғасады. Осылайша саябақтың жекелеген аймақтары кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі, — делінген қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба табиғи ландшафтты, сәулеттік шешімдерді және демалыс пен белсенді өмір салтына арналған инфрақұрылымды үйлестіретін заманауи, жайлы әрі көпфункциялы орта қалыптастыруға бағытталған. Саябақ 2010 жылы ашылғаннан бері мұнда күрделі жаңарту жүргізілмеген. Қазіргі таңда инфрақұрылымның бір бөлігі заманауи талаптарға сай жүйелі жаңартуды қажет етеді.
Қайта жаңарту барысында табиғи ортаны сақтау, жасыл желек қорын дамыту және келушілердің барлық санаты үшін қолайлы инфрақұрылым құруға басымдық беріледі. Жоба аясында кіреберіс аймағы жаңартылып, жүргіншілер бағыты көріктендіріледі, демалыс орындары жаңарып, жаңа функционалдық кеңістіктер жасақталады. Жаңарту тұжырымдамасы британиялық ландшафт сәулетшілері мен қазақстандық мамандардың қатысуымен әзірленіп, көркейтудің үздік халықаралық тәжірибесіне негізделген, — делінген хабарламада.
