Шорт-трек: Никиша – 7-орында, Әжіғалиев жартылай финалға өте алмады

XXV қысқы олимпиада ойындарында шорт-тректен ерлер арасындағы 500 метр қашықтықта жартылай финалдық жарыстар аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Спортшы Денис Никиша жартылай финалдың екінші тобында өнер көрсетті. Тартысты өткен бәсекеде отандасымыз мәре сызығын төртінші болып кесіп өтті.

Кейін Денис Никиша жұбаныш кезеңіне қатысып, В финалында бақ сынады. 6–10 орындар сарапқа салынған сында спортшы жалпы есепте 7-орынға тұрақтады.

Абзал Әжіғалиев
Фото: Сәли Сабыров

Ал тағы бір отандасымыз Абзал Әжіғалиев ширек финалда өз тобынан шыға алмады. Ол жарыс барысында екінші орында келе жатқанымен, соңғы айналымда италиялық қарсыласымен соқтығысып, жартылай финал жолдамасынан айырылды.

Абзал Әжіғалиев бәсекеден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, жарыс нәтижесі туралы пікір айтты.

Барымды салдым. Бәсекелестік өте жоғары болды. Алдымдағы нидерландтық спортшы өте жылдам жүгірді, озуға мүмкіндік бермеді. Екінші орындағы позицияны қорғағым келді. Бірақ италиялық спортшының жылдамдығы тез болды, әрі мен күткендей оң жағымнан емес, сол жағымнан озуға тырысты. Төрешілер ол спортшыға пенальти береді деп күттім. Өкінішке қарай, олай болмады, — деді Абзал Әжіғалиев.

Еске салайық, Михаил Шайдоров Италияның Милан және Кортина қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы олимпиада ойындары аясында ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан алтын жеңіп алды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да