Тоқаев шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің жеңіске ұмтылысына алғыс айтты

Қазақстандықтар өзіңнің «Бейжің-2022» XXIV қысқы олимпиада ойындарында көрсеткен өнеріңді асқан қызығушылықпен тамашалады. Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туды желбіретіп алып шықтың. Өз жанкүйерлеріңнің сенімін ақтап, шорт-тректен 500 метрге жүгіруде финалдық бәсекеге дейін жетіп, нәтижесінде 4-орын иелендің. Бұл осы спорт саласы бойынша жоғары көрсеткіш екені анық, – делінген мемлекет басшысының жеделхатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыға дүбірлі додада нағыз ерік-жігер көрсеткені және жеңіске деген ұмтылысы үшін алғыс айтты. Сонымен бірге оның алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетіп, отандастарымызды қуанта беретініне сенім білдірді.

Еске салайық, Абзал Әжіғалиев Бейжің олимпидасында шорт-тректен 500 метрге жүгіру бойынша 4-орын алды.

Ол әзірше қазақстандық шорт-трекшілердің олимпиададағы ең ірі жетістігін тіркеді. Бұған дейін отандық шорт-трек шеберлері олимпиадада төрттікке енген емес.

Олимпиададан кейін спортшы сұхбат берді. Ол қысқы спорт қазақтардікі емес деп айтады ғой, сол стереотипті жойғысы келетінін айтты.