Не болды?
Өнер мен жаңа технологияның шекарасы қай жерде тоғысады? Бұл сұрақтың жауабын 18 ақпан күні Алматыда өтетін «Әуенге айналған сезім» деген бірегей концерттен табуға болады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармонияның Үлкен залында гитаристер квинтеті алғаш рет жасанды интеллектімен бірлесе өнер көрсетеді. Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтетін халықаралық байқаулардың лауреаты Бауыржан Жылқыбаев бастап отыр.
Бұл жай техникалық көмек емес, нағыз шығармашылық эксперимент болмақ. Квинтет тартатын шығармаларды түгелдей ЖИ өңдеген. Тіпті, концерттің жекелеген бөлімдерінде арнайы әзірленген цифрлық дауыс солист ретінде бой көрсетпек, — деп хабарлады филормонияның баспасөз қызметі.

Айта кетерлігі, бұл жоба «Жасанды интеллект және цифрландыру» жылы аясында жүзеге асып отыр. Осылайша, отандық мәдениет заманауи трендтерді қабылдап қана қоймай, оны классикалық аспаптардың нәзік үнімен шебер үйлестіре алатынын дәлелдеп отыр.
Кеште қандай музыка тартылады?
Кештің музыкалық бояуы өте қанық. Ақбар Қиарыстан, Ұланбек Ахметов, Асан Нарбота, Бауыржан Жылқыбаев бастаған кәсіби музыканттар тобы гитара үнін саксофон, фортепиано және кахонның екпінді дыбыстарымен үйлестірмек.
Бағдарламада G. Kings, J. Cook сынды әлемдік есімдердің туындыларымен қатар, Нұрғиса Тілендиевтің жүректі тербейтін «Құстар әні» және басқа да авторлық композициялар орындалады.
Кештің мәртебелі қонақтары — Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жұбаныш Жексенұлы мен танымал композитор, әнші Ғазизхан Шекербек.
