865 мың теңге айыппұл: Қазақстанда жасанды интеллект үшін жаңа айыппұлдар енгізілді

Қазақстанда жақын арада жасанды интеллект (ЖИ) жүйелерін пайдалануға қатысты жаңа айыппұлдар күшіне енеді. Бизнес үшін салынатын ең жоғарғы айыппұл көлемі 865 мың теңгеге жетеді.

Бұл норма 2026 жылдың 18 қаңтарынан бастап күшіне енетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген. Өзгерістер Президент қол қойған жаңа «Жасанды интеллект туралы» заң аясында қабылданды.

Тыйым салынған жүйелер Заң бойынша, төмендегідей жасанды интеллект жүйелерін қолдануға тыйым салынады және ол үшін жаза қарастырылған:

  • Адамға, соның ішінде санадан тыс әдістерді (подсознание) қолдану арқылы манипуляция жасай алатын жүйелер;

  • Жеке деректер туралы заңнама талаптарын бұзатын жүйелер;

  • Қазақстан заңдарымен тыйым салынған функциялары бар жүйелер.

Сонымен қатар, ЖИ қолдану арқылы жасалған барлық тауарлар, қызметтер мен жұмыстар міндетті түрде таңбалануы тиіс. Мұндай таңбалаудың (маркировканың) болмауы да айыппұл салуға негіз болады.

Айыппұл көлемі қандай?

2026 жылы 1 АЕК (Айлық есептік көрсеткіш) = 4 325 теңге. Ереже бұзғандарға салынатын айыппұлдар:

  • Жеке тұлғаларға: 15 АЕК (64 875 теңге);

  • Шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық емес ұйымдарға: 20 АЕК (86 500 теңге);

  • Орта кәсіпкерлікке: 30 АЕК (129 750 теңге);

  • Ірі кәсіпкерлікке: 100 АЕК (432 500 теңге).

Қайталап бұзса ше?

Егер бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жаза әлдеқайда қатаң болады:

  • Жеке тұлғаларға – 30 АЕК (129 750 теңге);

  • Шағын бизнеске – 50 АЕК (216 250 теңге);

  • Орта бизнеске – 70 АЕК (302 750 теңге);

  • Ірі бизнеске – 200 АЕК (865 000 теңге).

Ірі компаниялар үшін жүйелі түрде ереже бұзу орын алса, айыппұлдан бөлек, ЖИ жүйесін пайдалануды тоқтата тұру немесе оған толық тыйым салу шарасы қарастырылған.