Қазақстанда ТМД елдері аумағындағы алғашқы экологиялық таза автомобиль және авиация отынын (SAF – Sustainable Aviation Fuel) өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
KazFoodProduckts компаниясының бас директоры Әлихан Талғатбек мәліметінше, жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 50 мың тонна болады. Инвестиция көлемі шамамен 200 млн доллар. Жоба «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және америкалық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылады.
Сонымен қатар KazFoodProduckts 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы бұрын жұмыс істемей тұрған «Биохим» зауытын сатып алған.
Қысқа мерзім ішінде кәсіпорында ауқымды жаңғырту жүргізіліп, технологиялық процестер қалпына келтіріліп, өндіріс қайта іске қосылды. Қазіргі таңда компания жыл сайын 300 мың тонна астықты терең өңдеп, крахмал, бидай глютені және биоэтанол өндіреді. Бұл өнімдер қарапайым астық экспортымен салыстырғанда жоғары қосылған құн қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өндірілген биоэтанол Еуропа елдеріне экспортталады, ал глютен АҚШ пен Жапония нарығына шығуға жол ашқан. Крахмал ТМД және Азия елдеріне жеткізіліп отыр, — деді Әлихан Талғатбек үкімет отырысында.
