Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Михаил Шайдоров туралы не білеміз?

Фото: Оlympic.kz

Не болды?

Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушысы Михаил Шайдоров Италияның Милан қаласында өтіп жатқан XXV қысқы олимпиада ойындарында алтын жеңіп алды. Baribar.kz сайты спортшы туралы қызық дерек ұсынып отыр.

Қалай чемпион болды?

Михаил Шайдоров қысқа бағдарламада 92,94 ұпай, еркін сырғанау бағдарламасында 198,64 ұпай алып, жалпы 291,58 ұпай жинады. Соның арқасында 2026 жылғы қысқы олимпиада ойынында ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанау жекелей сынында чемпион болды. Ол жеңісін Қазақстанға арнайтынын айтты.

Бұл — 32 жылдан кейін келген тарихи жеңіс. Өйткені Қазақстан қысқы олимпиада ойынынан алтынды 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирновтың арқасында алған еді.

Шайдоровтың қарсыластары кім болды?

Михаилдің негізгі қарсыласы Америка спортшысы Илья Малинин мен Жапония спортшысы Юта Кагияма болды. Алайда шешуші сәтте екеуі де Михаилдың басқа қарсыластары секілді қателесіп, құлай берді.

Илья Малинин
Илья Малинин. Фото: РИА Новости
Шайдоров
Юта Кагияма сол жақта тұр (күміс медаль алды). Фото: AP — Ashley Landis

Жалпы, қорытынды бойынша көрермен көп үміт артқан Илья Малинин (156,33 ұпай) сегізінші орынға түсіп, жүлде алмады. Ал Юта Кагияма (280,06 ұпай) күміс медель жеңіп алды. Қола медальді де жапон спортшысы Шун Сато (274,90 ұпай) жеңіп алды.

Михаил өнер көрсеткен бағдарлама қандай?

Ол бес рет төрттік айналым орындады. Алғашқы еркін бағдарлама қорытындысы бойынша, жалпы тізімде бесінші орынға жайғасқан еді. Барлығы оны қола не күміс жүлде алса екен деп үміттенді. Алайда Михаил екінші айналымда бес ретте де қате жібермей, айналып, бірінші орынға шықты.

Қысқа бағдарламадан кейін «жақсы өнер көрсетсем, күміс не қола жеңіп аламын» деген сенім пайда болды. Алайда мен үшін жеңіске жетуден бұрын мұз айдынында өнер көрсету, кейінгі маусымнан бері шеберлігім қаншалық өскенін бақылау, жалпы еліміздегі мәнерлеп сырғанаудың жақсарғанын әлемге дәлелдеу маңыздырақ еді, — дейді Михаил Шайдоров.

Чемпион болғаны үшін қанша алады?

Михаил Шайдоров олимпиада чемпионы болғаны үшін 250 мың доллар алады. Қазақстан алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, күміс медаль алған спортшыға 150 мың доллар, қола медальға 70 мың доллар береді. Қазақстан медаль үшін ең көп сыйақы ұсынатын елдер қатарында тұр.

Аса күрделі төрттік лутц жасаған спортшы

Шайдоров — мәнерлеп сырғанауда аксельден де қиын төрттік лутц жасай алатын спортшы.

Төрттік лутц (айналым) деген — спортшы ауада төрт рет айналады. Мұны орындау үшін биікке секіріп, 4 рет айналып үлгеру үшін өте жылдам айналу керек.

Алғашқы жаттықтырушысы — әкесі

Михаил Станиславұлы Шайдоров 2004 жылғы 25 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Станислав Шайдоров — мәнерлеп сырғанаудан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. Өзі жаттықтырушы болып істеген. Баласы Михаилды алты жасынан бастап Алматыдағы сол кездегі әйгілі «Рамстор» ойын-сауық орталығындағы мұз айдынында шынықтырған. Денис Тен де осы жерде жаттыққан еді.

Михаил Шайдоров
Михаил Шайдоровтың бала кезі. Видео скрині

Бауырыммен «Рамсторға» барып ойын автоматтарына тиын салантыз, ыстық шоколад ішетінбіз. Әкемнің мені жаттықтыруға қолы тимейтін кезде де мұз айдынына өзім шығып кететінмін. Өйткені қатты сырғанағым келетін. Бұрын онда тәрелкеге салынған дөнер болатын. Сырғанап біткен соң соған тойып алатынбыз, — деп еске алады Михаил.

Михаил Шайдоров, әкесі Станислав Шайдоров
Фото: Михаил Шайдоров пен әкесі Станислав Шайдоров. Caravan.kz

Михаил 14 жасқа толғанда ата-анасымен бірге Мәскеуге көшеді. Кейін ол Сочиге ауысып, 2018 жылдан бастап олимпиада чемпионы әрі жаттықтырушы Алексей Урмановпен жаттығады.

Алексей Урманов, Михаил Шайдоров
Фото: Алексей Урманов пен Михаил Шайдоров. Reuters

2018 жылы аймақтық және ұлттық чемпионаттарда Михаилдың спорт жолы басталады.

2025 жыл спортшы үшін жеңіске толы болды. Былтырғы ақпанда Қытайдың Харбин қаласында өткен Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алды.

Михаил Шайдоров
Фото: Михаил Шайдоров. Оlympic.kz

Сеулде өткен Challenge cup аясындағы төрт құрлық чемпионатында алтын медаль жеңіп алады. Бостонда өткен әлем чемпионатында күміс жеңіп алады. Қазан айында Алматыда өткен Денис Тенді еске алу жарысында тағы да жеңіске жетеді. Ол мәнерлеп сырғанаудағы ең күрделі композициялардың бірі — төрттік лутцты бағындырған спортшылардың бірі.

Сүйікті асы — асқабақ қосылған мәнті

Ұйықтар алдында тамақ ішу және видеоойын ойнау — мен үшін guilty pleasures деген осы. Асқабақ қосылған мәнтіні жақсы көремін, сүйікті сусыным — эспрессо, әсіресе итальяндық эспрессо. Әрине, мен дұрыс тамақтану әдетін сақтаймын, бірақ анда-санда осындай тамақ жеп тұрамын, — дейді Михаил Шайдоров Tatler-ге берен сұхбатында.

«Кумирім — Геннадий Головкин»

Шайдоровтың екі кумирі бар: мәнерлеп сырғанаушы Юдзуру Ханю және кәсіби боксшы Геннадий Головкин.

Бокстың егжей-тегжейін біле бермеймін, бірақ Головкиннің жекпе-жектері мен барлық шолуын аса қызығып қараймын. Оның рингте де, рингтен тыс жерде де өзін қалай ұстайтынына тәнтімін. Ол сияқты адамдар — өмірде де, спортта да үлгі тұтқымыз келетін адамдар.

«Ресейдің спортшысы» дейтіндерге жауабы

Әлеуметтік желіде Михаил Шайдоровты «Ресейдің азаматы», «бұрын Ресейде тұрған» деген жазбалар көбейді. Спортшы бұл қауесетке Sport+ арнасындағы «Прямой Разговор» бағдарламасында жауап берді.

Алматыда туып-өстім, қазір де осы қалада тұрамын. Көп уақытымды Қазақстанда, сүйікті қаламда өткіземін. Маған көп уақытын арнайтын Олег Евгеньевич Урмановтың қолында жаттыға алғаныма өте қуаныштымын. Алайда мен коньки тебуді Алматыдағы «Рамстор» сауда орталығында бастадым, онда көптеген мәнерлеп сырғанаушы, соның ішінде Денис Тен де, сырғанап үйренген. Бұл Қазақстандағы алғашқы мұз айдындарының бірі болды. Көп уақытымды Ресейде өткіздім, оқу-жаттығу жиындарында жаттығамын, бірақ кейінгі кезде қиындықтар туындады, сондықтан қазір Алматыда көбірек жаттығамын. Бұлай дегендерін (Ресейдің спортшысы дегендерін — ред.) көрдім, бұл — маған еген құрметсіздік, — деді Михаил Шайдоров.

***

Тағы оқыңыз:

Қысқы олимпиада: қазақ спортшылар бұған дейін қанша медаль алған?