Аяз бен көктайғаққа байланысты оқушылар қашықтан оқиды

Ауа райының күрт бұзылуына байланысты бірқатар өңірде мектеп оқушылары қашықтан оқиды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жергілікті әкімдіктердің мәліметінше, қатты аязға байланысты төрт өңірде оқушылар онлайн оқуға көшті.

Астанада 13 ақпанда бастауыш класс және 5-6 класс оқушылары онлайн форматта білім алады.

Абай облысында ауа температурасы -23 градусқа дейін төмендеп, көктайғақ тіркелді. Осыған байланысты Семей қаласындағы 1-9 класс оқушылары, сонымен қатар Бесқарағай, Көкпекті, Жаңасемей және Бородулиха аудандарының мектептері қашықтан оқуға көшті.

Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы -26,6°С-қа дейін түсті. Риддер қаласында 13 ақпанда бірінші ауысымдағы 0–4 класс оқушылары онлайн оқиды. Ал Алтай қаласында да бастауыш кластар қашықтан форматқа ауыстырылды.

Сонымен қатар ауа температурасының -28°С-тан -35°С-қа дейін төмендеуіне байланысты Қатонқарағай, Марқакөл және Самар аудандарындағы мектептер де онлайн оқуға көшті.

Таразда қалың қар мен ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық мектеп қашықтан оқыту форматына ауысты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да