«Қазақстанның мұнай қоры таусылуға жақын»

Қазақстандағы жер астынан мұнай соратын техникалардың мүмкіндігі ондағы кеннің 35-40%-ін ғана алуға жетеді. Одан да көп мөлшерде алу үшін жаңа техника керек. Қазақстан билігі өндіруші компанияларға мұнай өндіру ауқымын ұлғайтуды талап етеді.

Егер Қазақстанда мұнай қоры таусылып жатса, шетелдік компаниялар инвестиция құймас еді, серіктес болмас еді. Мұнай, ең әуелі — бизнес. Ешбір шетелдік немесе отандық компания пайдасыз, тиімсіз бизнеске инвестиция құймайды. Қазір Қазақстанда АҚШ, Еуропа елдері, Қытай, Ресейдің мұнай өндіруші алпауыт компаниялары жұмыс істеп жатыр. Теңіз, Қашаған кен орындары әлемдегі ең ірі 20 мұнай кенішінің қатарына кіреді.

«Қазақстанда мұнай өңдейтін зауыт жоқ. Қазақстан мұнайдың шикізатын сатуды ғана біледі»

Қазір Қазақстанда Атырау, Павлодар, Шымкент, Caspi Bitum және «Конденсат» мұнай өңдеу зауыттары бар. Олардың алғашқы үшеуі Кеңес дәуірінен бері жұмыс істеп келеді. Атырау мұнай өңдеу зауыты парафині көп, ауыр мұнайларды өңдейді. Онда сусабын, іштен жанатын қозғалтқыштарға арналған «Тосол-А-50М» майы, ыдыстар мен сантехника құралдарын жууға арналған «Афол» сұйығы өндіріледі. Павлодар мұнай өңдеу зауыты — күкірті аз Батыс Сібір мұнай қоспасын өңдеуге маманданған кәсіпорын. Зауыт А-80, А-91, АИ-95 маркалы бензин, авиакеросин, дизель жанармайы, қазандық отыны (мазут), сұйылтылған газ, мұнай таушайыр мен кокс және тағы басқа өнімдер шығарады. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты бензиннің түрлі сұрпын (Aи-80, Aи-92 және Aи-96), дизель отынын, авиациялық керосинді, сұйылтылған газды, ваккум газойль мен мазутты өндіреді.

Қазақстандағы Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу заводтары Кеңес дәуірінен болғандықтан жақында модернизациядан өтті. Модернизациядан кейін заводтардың өнім өңдеу қуаты, мүмкіндгі артты. Зауыттар ішкі нарық қажет еткен өнімнен артық өндіре бастады. Тіпті, өндірілген өнім профициті байқалады. Демек, енді елде бензин жетіспеу мәселесі болмайды.

«Мұнай тек Қазақстанның батысында ғана бар»

Қазақстанда көмірқышқыл ресурстарының басым бөлігі елдің батысында, Каспий теңізі маңында шоғарланғаны рас. Бұл басқа аймақта мұнай жоқ деген сөз емес. Мұнай Орталық Қазақстанда және басқа жерлерде де бар болуы әбден мүмкін. Олар толық барланып, зерттелген жоқ. Кен теңіздердің, айдын сулардың түбінде, жағалауында қалыптасады. Қызылорда облысында Құмкөл және Орталық Ақшабұлақ кен орындары бар.

Облыстар Жалпы қордағы үлесі, %
Атырау облысы 59
Каспий теңізінің қазақстандық секторы 17
Маңғыстау облысы 8,5
Батыс Қазақстан облысы 7
Ақтөбе облысы 5,6
 Өзге өңірлер 2,9

«Мұнай бағасының өзгеруіне тек доллар әсер ете алады»

Мұнайдың әлемдік бағасының қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді. Олар:

  • мұнай экспорттаушы елдердің ұстанымы;
  • табиғи катаклизмдер, ауа райының қолаусыздығы, құбыр бойындағы апат;
  • мемлекеттер арасындағы саяси тұрақсыздық;
  • әлемдік экономикадағы жалпы өсім\күйреу;
  • АҚШ-тың мұнай қоры туралы мәліметтер;
  • АҚШ валютасының бағамы;
  • тауар нарығындағы алыпсатарлық әрекеттер.

Мұнай бағасына доллардың өзі емес, АҚШ валютасының бағамы көбірек әсер ететіні рас. Мұнайдың бағасы доллармен белгіленген. Оның сатуда барлық келісім міндетті түрде доллармен жасалады. Қазір мұнай нарығына саясаттың да ықпалы зор.

«Мұнай алынған жерлер бос болғандықтан опырылуы мүмкін»

Мұнай алынған орын бос қалмауы үшін су толтырылады. Бұл да — технология мәселесі. Мұнай өндіруші компания оған инвестиция салса, бұл мәселені шешетін озық үлгідегі технологиялары бар деген сөз. Қазір қай саланы алсақ та, технологияны жаңарту үшін инвестиция керек. Мысалы, Теңіз кен орнында «Екінші буын зауыты» деген жаңа технологиялық жоба жүзеге асып жатыр.

«Қазақстанның мұнай саласын қытайлар жаулап алған»

Қазақстандағы ең көп мұнай көлемі Теңізде, Қашағанда және Қарашығанақта орналасқан соң осы үш негізгі кен орына мән береміз.

Қазақстан мен АҚШ-тың біріккен кәсіпорыны «Теңізшевройл» Теңіз кен орнында өндіріс жүргізіп жатыр. Бұл кәсіпорында Chevron (АҚШ) үлесі — 50%, ExxonMobil (АҚШ) — 25%, LUKArco (Ұлыбритания) — 5%, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ үлесі – 20%. «ҚазМұнайГаз» — Қазақстанның атынан қатысып отырған ұлттық компания.

Қашаған кен орны — бұл Солтүстік Каспий жобасы. Бұл жобада «ҚазМұнайГаз» үлесі – 16,88%, Eni (Италия), Total (Франция), ExxonMobil (АҚШ), Shell (Ұлыбритания, Нидерландия) – 16,81%-тен, CNPC (Қытай) – 8,33 %, Inpex (Жапония) – 7,56%.

Қарашығанақ кен орнындағы «ҚазМұнайГаз» үлесі — 10%, Shell (Ұлыбритания, Нидерландия) — 29,25%, Agip (Италия) — 29,25%, Chevron (АҚШ) — 18%, «Лукойл» (Ресей) — 13,5%.