Оралдағы ЖЭО-да Hitachi газ турбинасы іске қосылды

Оралдағы ЖЭО-да жапондық Hitachi компаниясының газ турбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден кейін қайта іске қосылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Салтанатты іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

Қуаты 28 МВт болатын газ турбиналы қондырғы осыдан 20 жыл бұрын орнатылған. 2019 жылы жоспарлы инспекциялық тексеріс жүргізілгенімен, техникалық жөндеу жұмыстары түрлі себептермен кестеден кешіктірілген. Маңызды мәселе облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тікелей араласуымен оң шешімін тапты. 2023 жылы аймақ басшысы бастаған батысқазақстандық делегация Жапонияға барып, турбинаны өндіруші зауыт өкілдерімен тікелей келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде қондырғының қосалқы бөлшектерін дайындау және жеткізу бойынша келісімшарт жасалып, күрделі жөндеу жұмыстарын Атыраулық компания жүзеге асырды, — делінген БҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында кейінгі екі жылда салаға 15,6 млрд теңге бюджет қаражаты бағытталды. 2035 жылға дейінгі Жол картасы аясында өңірде 32 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде сорғы станцияларын жаңарту, жаңа қазандықтар салу және қаланың негізгі жылу магистральдарын жаңғырту көзделген. Қазіргі уақытта №6 және №7 жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі атқарылып жатқан кешенді іс-шаралар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, коммуналдық сектордың сенімділігін арттыратынын атап өтті. Сонымен қатар саланы цифрландырудың маңыздылығына тоқталды.

Күні кеше WEST OIL компаниясының өкілдерімен кездесіп, маңызды жобаларды талқыладық. Болашақта қаланы сумен және жылумен жабдықтау жүйелері толық автоматтандырылады. Барлық басқару процестері бір орталықтан жүргізіліп, мамандар тәулік бойы мониториң жасайды. Бұл кез келген ақауды жедел анықтап, коммуналдық кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді, – деді Нариман Төреғалиев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да