Бүгін елордада «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Партияның мәліметінше, жиында партия мүшелері, парламент депутаттары мен қоғам белсенділері Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылап, оны елдің саяси жаңғыру жолындағы тарихи қадам ретінде бірауыздан қолдады.
Отырысты партия төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Серік Егізбаев ашып, баяндама жасады. Ол жаңа Конституцияны ел дамуының жаңа философиясы және «Әділетті Қазақстанның» құқықтық негізі деп атады.
Серік Егізбаевтың айтуынша, ұсынылып отырған құжат мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалардың заңды жалғасы. Оның ішінде бір палаталы Парламент – Құрылтайды құру партиялық жүйені жандандырып, ауыл еңбеккерлерінің мүддесін жаңа деңгейде қорғауға мүмкіндік береді.
Біздің басты байлығымыз – табиғи ресурстар емес, білімді, адал әрі бәсекеге қабілетті азамат, – деді партия төрағасы.
Жарыссөз барысында мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың тарихи маңызына тоқталып, бір палаталы модель бюрократиялық кедергілерді азайтып, биліктің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын атап өтті.
Партия ардагері Мынаутаубиік Әнесов Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау және «дін мемлекеттен бөлек» қағидатын нақтылау нормаларының енгізілуін жоғары бағалады.
Түркістан облыстық филиалының өкілі Нұржан Әжіметов пропорционалды сайлау жүйесі партиялық жауапкершілікті күшейтетінін, ал вице-президент институты мемлекеттік басқаруда сабақтастықты қамтамасыз ететінін жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихат депутаты Ольга Клишина заң шығару бастамасына ие болатын Халық кеңесінің рөліне тоқталып, оны билік пен қоғам, әсіресе ауыл тұрғындары арасындағы тиімді «алтын көпір» деп атады.
Ал Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Садық Мұстафа Конституциялық реформаның жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылуын демократияның ең жоғары көрінісі деп бағалады. Оның айтуынша, жаңа редакцияда биліктің бірден-бір бастауы – халық екені нақты бекітіледі.
Қостанай облыстық мәслихат депутаты Динара Ахметова әйелдер мен жастарға арналған 30%-дық квотаның сақталуы ауыл жастары мен әйелдер үшін маңызды «әлеуметтік лифт» екенін атап өтті.
Жиын қорытындысында «Ауыл» партиясы Саяси кеңесі Қазақстан халқына және партия мүшелеріне Конституцияның жаңа жобасын жан-жақты зерделеп, оны түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және арандатушылық ақпараттарға ермеуге шақыратын Үндеу қабылдады.
