Жигули Дайрабаев: Ауылдағы еңбек адамының мәртебесіне назар аудару керек

Қазір ауыл шаруашылығында мәселе көп. Біріншіден, қарапайым еңбек адамының мәртебесіне назар аудару керек, яғни жұмысшылардың жағдайын жасау маңызды. Олардың қатарында мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешіп жүрген қарапайым инженерлер, механиктер, комбайншылардың, малшылардың, құрылысшылардың мәртебесін қайта қарау қажет. Атап айтқанда, осы салалаларда жүрген адамдар қоғамда құрметті орнын алуы керек, — деді Дайрабаев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген түрлі формадағы 280 мың шаруашылық бар. Солардың барлығын салықтан босатудың амалын қарастыру қажет.

Сонымен қатар ол ауылдардағы жол, сумен қамтамасыз ету және басқа да инфрақұрылымына қатысты шешілмеген мәселелер бар екенін айтты.

Елдімекендерге газ, ғаламтор тартып, мәдени нысандар салу қажет. Жастардың ауылға оралуына тиісті мүмкіндік жасау маңызды. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі туралы тиісті заң қабылдау керек. Біз осы бастаманы көтеретін боламыз. Ауыл шаруашылығында тұрақтылық болмай тұр, министрлер жиі ауысады. Осыған дейін бұл салада біраз кемшіліктерге жол берілді, сонымен қатар бағдарламалар мен жоспарлар тиісті деңгейде орындалмай қалды, — деді Жигули Дайрабаев.