«Қайрат» футболшылары ректор грантына ие болды

Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов «Қайрат» футбол клубының жас ойыншыларына ректор грантын табыстады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Грант иегерлері — қақпашы Темірлан Анарбеков, жартылай қорғаушы Олжас Байбек және шабуылшы Мансұр Бірқұрманов.

Салтанатты кездесу барысында жас спортшыларға арнайы сертификаттар тапсырылып, олардың спорттағы және білімдегі жетістіктеріне жоғары баға берілді. Академия басшылығы бұл бастаманың дарынды жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатпен үндес екенін атап өтті. Академия өкілдері спорт пен білімді қатар алып жүрген студенттерге қолдау көрсету басты бағыттардың бірі екенін айтып, мұндай гранттар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді, — делінген академия хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін дәл осындай ректор гранты «Қайрат» футбол клубының қақпашысы Шерхан Қалмұрзаға табысталған болатын.