Конституциядағы «Президент» бөлімі түбегейлі жаңарды

Конституциялық комиссияның отырысында Бақыт Нұрмұханов Конституцияның «Президент» бөлімі тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралғанын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Конституциялық сот төрағасының орынбасарының айтуынша, бұл бөлімге мүлде жаңа ережелер енгізілген.

Жаңа тұжырымда бойынша, Қазақстан Республикасының президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар билік органдарының елдің біртұтас халқы алдындағы жауапкершілігі нақты айқындалған.

Бақыт Нұрмұханов президенттікке қойылатын талаптардың да нақтыланғанын атап өтті. Атап айтқанда, президент болып Қазақстан Республикасының туғаннан азаматы саналатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, кейінгі 15 жыл бойы ел аумағында тұрақты тұрған, жоғары білімді және сайланбалы мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл тәжірибесі бар азамат сайлана алады.

Сонымен қатар президентті сайлауды өткізу және ант беру мерзімдері нақты бекітілген. Мемлекет басшысының құрылтаймен, үкіметпен және өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, кадрлық шешімдер қабылдау және норма шығармашылық қызметіне қатысты өкілеттері де реттелген.

Президентті мерзімінен бұрын қызметтен босату тәртібі конституциялық нормалармен толықтырылған. Мемлекет басшысының өз еркімен қызметтен кету құқығы нақты көрсетіліп, бұл рәсім Конституциялық сот арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар президент өкілеттерін вице-президентке, құрылтай төрағасына немесе премьер-министрге беру тәртібі нақтыланған. Өкілетті қабылдаудан бас тартқан тұлға Конституциялық сотқа жүгінеді, ал сот бұл шешімнің ерікті түрде қабылданғанын растауға тиіс, — деді Бақыт Нұрмұханов.

Оның айтуынша, президент лауазымынан мерзімінен бұрын босатылған, қызметінен кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, құрылтай жеті күн ішінде президент сайлауын өткізу туралы жариялап, сайлау екі ай ішінде өтеді. Конституцияның 49-бабы вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттеріне арналған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да