Не болды?
Қоқыс тастаған адамға айыппұлды тек полиция емес, әкімдік қызметкерлері де сала алады. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлап отыр.
Мәлімет
Қала мен елді мекендегі қоғамдық жұмыстарды қадағалауды күшейтуге бағытталған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енген түзетулер 2026 жылғы наурыз айынан бастап күшіне енеді, – делінген хабарламада.
Жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орынды ластаған және абаттандыру қағидаларын бұзған адамның үстінен (әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2 және 505-баптары бойынша) әкімшілік хаттаманы толтыра алады. Бұған дейін оны тек ішкі істер органдары толтыра алатын.
Әкімшілік хаттаманы рұқсатсыз қоқыс тастаған, жасыл желекті бүлдірген, қаланың инфрақұрлымына зиян келтірген адамның үстінен толтырады.
Былтыр қанша айыппұл төленді?
Былтыр осындай құқық бұзған 591 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. 189 мыңнан астамы қоғамдық орындарды ластағаны үшін, ал 403 мыңнан астамы абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жазаланған. Айыппұлдың жалпы сомасы 5,2 миллиард теңге болды.
