«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі республикалық маңызы бар бірқатар автожолдың қазіргі ахуалы туралы ақпарат таратты.
Ұлттық компанияның мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында жолаушылар тасымалдайтын автобустар мен дизель қозғалтқышы бар көліктер үшін бірқатар автожолда қозғалыс уақытша шектелді.
Ал Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарында кейбір жол учаскелерінде көліктің барлық түрі үшін қозғалыс толық тоқтатылды.
Сонымен қатар Павлодар облысында «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолындағы көлік айрығының арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» айрығы учаскесінде Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол жабық.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын нақтылап алуға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
