Қазақстанда жеке деректі қорғау күшеюі мүмкін. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин айтты.
Азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау және жеке деректі қорғау жөніндегі конституциялық құқықтарын іске асыра отырып, цифрлық деректі үшінші тарапқа беруге қатысты қатаң реттеу мен «мүлдем төзбеу» саясатын енгізуге көшеміз, — деді вице-министр үкімет отырысында.
Осыған байланысты қауіпсіздік талаптарын сақтамаған тұлғаларға әкімшілік айыппұлдың шекті мөлшері бірнеше есеге ұлғайып, 5 000 айлық есептік көрсеткішке жетеді. Сонымен қатар жеке деректің жаппай таралғанына қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды.
