СҚО-да мектеп автобустары талапқа сай келмеді

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мектеп автобустарын пайдалану кезінде ережелердің сақталмағанын анықтады.

М.Жұмабаев және Ғ.Мүсірепов аудандарының мектептерінде автобустар «Балаларды тасымалдау» сары жыпылықтайтын шамдармен және міндетті сәйкестендіру белгілерімен толық жабдықталмаған. Ғ.Мүсірепов ауданы Шөптікөл ауылындағы автобустарда қауіпсіздік белдіктері ақаулы болған, ал Бірлік, Салқынкөл, Тахтаброд және Калиновка мектептеріндегі автобустарда дабыл түймелері жұмыс істемеген. Сонымен қатар кейбір мектепте өрт сөндіргіштердің мерзімі өтіп, жүргізушілер борттық журналдарды дұрыс жүргізбеген, — делінген хабарламада.

Петропавлда кейбір жүргізушілер жолға шықпас бұрын міндетті медициналық тексеруден өтпей, оқушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген.

Прокурорлық тексеру нәтижесінде кінәлі тұлғалар, оның ішінде мектеп директорлары жауапқа тартылып, барлық анықталған бұзушылықтар жойылды. Қабылданған шаралар 457 кәмелетке толмағанның құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті.