Қасым-Жомарт Тоқаев патриотизм ұғымы тек туған елге деген сүйіспеншілікпен шектелмей, азаматтық жауапкершілік пен елге пайда тигізу ниетімен ұштасуы қажет екенін айтты.
Патриотизм – бұл, әрине, Отанға деген сүйіспеншілік. Бірақ бұл сезім азаматтық жауапкершілікпен және елге қызмет ету ниетімен толықтырылғанда ғана шынайы мәнге ие болады, – деді мемлекет басшысы.
Президент қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі – Қазақстанның мемлекеттік Туын қашан және қалай қолдану керектігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздерді пайдалану арнайы нормалармен реттеледі және бұл мәселеде салғырттық пен абайсыздыққа жол берілмеуге тиіс.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев патриотизмнің жарқын көрінісі ретінде көк Тудың үйлерде, көліктерде, көшелерде, сонымен қатар спорттық және халықаралық іс-шараларда желбіреуін ерекше атап өтті.
Үйлерде, көліктерде, көшелерде, әсіресе шетелдегі спорттық жарыстар мен түрлі іс-шараларда көк Туымызды көргенде қуанып қаламын. Бұл – азаматтарымыздың бірлігі бекем ұлт екенімізді, туған елін мақтан тұтатынын көрсетеді. Спортшылардың жеңісі, ғалымдардың еңбегі, кәсіпкерлер мен музыканттардың табысы арқылы еліміздің әлемдік беделі нығая түседі, – деді президент.
