ҰБТ-2026: 38 адам ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды

2026 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді 36 мыңнан астам талапкер тапсырды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлап отыр.

Ведомство мәліметінше, талапкерлердің 64%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде, 36%-ы орыс тілінде, ал 52 адам ағылшын тілінде тапсырған.

Алғашқы аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 60,3%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа нәтиже – 57 балл, ал ең жоғары көрсеткіш – 131 балл болды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін жасалған қолайлы жағдайдың арқасында 156 талапкер ҰБТ-ға қатысқан. Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Ал техникалық себептерге байланысты апелляциялар тікелей тестілеу барысында қабылданады, — делінген хабарламада.

ҰБТ-ның бірінші аптасында 94 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 56 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 38 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамның орнына кіру деректері тіркелмеген.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталса, тест нәтижелері жойылады.

Айта кетейік, биыл ҰБТ-ға қатысу үшін 187 мыңға жуық өтініш келіп түскен.