Шымкенттегі бірқатар мектепке шабуыл жасалады деген хабарлама шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ПД хабарлап отыр.
16 қаңтар күні Telegram-арналар мен топтарда белгісіз аккаунттар шамамен 25 мектеп, гимназия және лицейдің атауын атап, «сол жерлерге барамыз» деген мазмұндағы қорқыту хабарламаларын жариялаған. Аталған жазбалар ата-аналар мен ұстаздар арасында алаңдаушылық туғызды.
Алайда Шымкент қалалық білім басқармасы бұл ақпараттың фейк екенін хабарлап отыр.
Telegram желісінде тараған «балалардың өміріне қауіп төніп тұр» деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі таңда ешқандай қауіп-қатер тіркелген жоқ, — деді басқарма өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, жағдай тиісті қызметтердің бақылауында, ал жалған ақпарат таратқан аккаунттарды анықтау және тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалалық полиция департаменті де бұл хабарламалардың жалған екенін растады.
Мессенджерлерде мектептерде жаппай қылмыс жасалады деген ақпарат тарады. Бұл деректер расталмады. Қауіпсіздік шаралары күшейтілді, жағдай толық бақылауда, — деп хабарлады полиция өкілдері.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары қасақана жалған ақпарат тарату заң бойынша қылмыс саналатынын еске салды. Мұндай әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ресми органдар тұрғындарды сабыр сақтауға, тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.
