«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қолайсыз ауа райына байланысты ел аумағындағы бірқатар республикалық автожол учаскелерінде көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелгенін хабарлап отыр.
Компания мәліметінше, Ақтөбе облысында бірнеше бағытта қозғалысқа тыйым салынды. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы шекарасынан басталып, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Алматы арқылы Қытай Халық Республикасына дейін созылатын KAZ 06 автожолының 776–836 шақырым аралығы, сондай-ақ KAZ 09 «Ақтөбе – Қандыағаш – Доссор – Атырау – РФ шекарасы» жолының бірқатар учаскелері жабылды. Сонымен бірге Ақтөбе қаласынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі аралықта да қозғалыс тоқтатылған.
Қызылорда облысында Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейінгі республикалық трассада көліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.
Атырау облысында Ақтөбе облысының шекарасынан Сағыз ауылына дейінгі және Атырау қаласынан Құрманғазы кентіне дейінгі жол бөліктерінде қозғалысқа тыйым салынды.
Ал Шығыс Қазақстан облысында Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы қыс мезгілі аяқталғанша уақытша шектелді.
Сонымен қатар «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы көпір құрылымының зақымдануына байланысты «Қалқаман» жолайрығы учаскесі жабылды. Қазіргі таңда Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша қолжетімсіз.
