Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

«Атыраулық хакерге» халықаралық іздеу жарияланды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Атырау облысында өзін «хакермін» деп таныстырып, әлеуметтік желілерде резонанс тудырған азаматқа қатысты қылмыстық іздеу жарияланды.

Бұл ақпаратты өңірлік полиция департаменті растады.

Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерде «Атыраулық хакер» деген атпен танылған ер адам алаяқтық деректері бойынша күдікке ілінген. Қазіргі уақытта ол Интерпол арналары арқылы халықаралық деңгейде іздестіріліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті Қазақстан аумағынан тыс жерде бой тасалаған.

Аталған азамат бұған дейін Атырау облысында бір отбасының жоғалуына қатысты өздігінен «зерттеу жүргізгенін» айтып, әлеуметтік желіде бірнеше бейнежазба жариялаған. Видеоларында ол қаза болған ерлі-зайыптылардың күйеу баласын басты күдікті ретінде көрсетіп, түрлі нұсқалар ұсынған.

Алайда Атырау облыстық полиция департаменті бұл мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Құқық қорғау органдарының айтуынша, қылмысқа қатысты барлық дерек әлеуметтік желідегі жарияланымдардан бұрын ресми жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында анықталған.

Аталған азаматқа қатысты алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі таңда бұл істер аясында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол заң талаптарына сәйкес іздеуге жарияланды, – делінген хабарламада.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, ағасы мен отбасы мүшелері бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткен. 5 желтоқсанда полиция аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс тіркеп, «адам өлтіру» бабы бойынша тергеу бастады.  

Атырау облысының полициясы Қызылқоға ауданында бұрын хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптының мәйіттері табылғанын ресми түрде растады.

Полиция ерлі-зайыптылардың өліміне күдікті адамды іздестіріп жатыр.

Мақалаға реакция