Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Уикипедияға 25 жыл толды. Сайт туралы ТОП-3 ақпарат

Wikipedia Фото: ЖИ
Биыл Уикипедияның құрылғанына 25 жыл толды. Соған орай қазақша Уикипедияны толтыруға ат салысып жүрген аудармашы Батырбек Әлімжан Baribar.kz тілшісіне сайт туралы қызық ақпарат айтып берді.

Уикипедияға сенуге бола ма?

Қазір ЖИ арқылы жұмыс істейтін Gemini мен ChatGPT негізгі ақпаратты уикипедиядан алады. Сондықтан уикипедияның маңызы әлі де жойылмайды. Ол ЖИ-ке арналған негізгі қорек, дереккөз. Басқа сайттарға қарағанда да уикипедия сенімдірек дей аламыз. Өйткені оған ақпарат жазатын, тексеретін, өңдейтін — адамдар. Бірнеше адам жұмыс істейтін жерде ақпарат сапасы жоғары болады.  Әрі ол адамдар ақпаратты ойдан шығармайды, нақты дереккөздерге сүйеніп жазады, — дейді Батырбек Әлімжан.

Батырбек Әлімжанның айтуынша, бұл жерде туындайтын басты мәселе сену не сенбеуде емес, уикипедияның қай тілде және ондағы қатысушылардың белсенділігінде.

Мысалы, ағылшын тіліндегі уикипедия — ең сенімді уикипедия екен. Өйткені, ең алғашқы уикипедия ағылшын тілінде пайда болды. Оның мақаласының саны да бүгінде 6 миллионнан асады. Сол сияқты неміс, италиян, испан, орыс тілді сайттар да ең үлкен, сенімді уикипедия. Оларға ақпарат жазатын адам саны көп. Соған сай мәлімет көп, әрі жиі жаңарып тұрады. Қазақ тілінде италиян, испан уикипедияларымен салыстырғанда мақала саны аз. Сәйкесінше, маман саны да аз. Сондықтан қазақ тіліндегі ақпаратты өзіңіз бір тексеріп алсаңыз артық етпейді. Десе де, бұл — қазақша уикипедия сенімсіз, әлсіз деген сөз емес, — дейді аудармашы.

Маманның сөзіне қарағанда, қазақ уикипедиясының жағдайы нашар емес. Тек жобаның әлі де жетілдіруге болатын тұстары бар.

Уикипедияның академиялық бейнесі

Ағылшын тілді уикипедия қанша сенімді десек те, ол академиялық ортада мойындалмайды. Айтпағым, дипломдық жұмыс, диссертация секілді ғылыми зерттеу жұмысын жазған кезде мүмкіндігінше ақпаратты уикипедияның өзінен емес, сол уикипедия қалдырған бастапқы дереккөз сілтемесінен алыңыз. Сонда ұтылмайсыз, — деді маман.

Батырбек Әлімжан
Фото: Батырбек Әлімжан

Қазақша уикипедия жазатын топқа қалай қосылуға болады?

Қазақша уикипедия жазатын арнайы топ бар. Сайттың жоғарғы жағында «Біздің телеграм арнаға қосыл» деген баннер тұрады. Сол арқылы қосылсаңыз болады. Ол ыңғайсыз десеңіз, өзіңіз тіркеліп, еркін форматта ақпарат жазуға болады.

Әрине, бірден ақпарат жазу оңайға соқпайды. Сол үшін алдымен, қателерді тексеріп, ескі ақпаратты жаңартумен айналыссаңыз — өзіңіз үшін пайдалырақ болады. Қате дегеніміз әдетте типографиялық жағынан қ мен к, н мен ң әріптерінің дұрыс жазылмауы. Соларды жөндеумен айналысып көріңіз. Содан кейін ғана фактілерді жаңартыңыз, кейін өз мақалаңызды жазыңыз. Кейде сіз жазғыңыз келген мақала сайтта бар болуы мүмкін. Оны нақтылау үшін жоғарғы оң жақ бөліктегі іздеу жолағына тақырыбыңызды теріп, басқа авторлардың материалын шолып шығуға кеңес береміз, — дейді уикипедияшы Батырбек Әлімжан.

Энциклопедиялық тақырыпты анықтаудың жолы

Батырбек Әлімжанның айтуына қарағанда, кей авторлар жазғысы келетін тақырып бұған дейін жазылмаған болуы мүмкін. Ондай жағдайда автор өз тақырыбы энциклопедия болуға лайық не лайықсыз екенін арнайы талаптармен салыстырып, тексереді. Ол жаңа тақырып талаптары алғаш тіркелген кезде қолданушыға жіберілетін «Қатысушы беті» деген жерде тұрады.

Қазақ тіліне және қазақ тілді контентке жаны ашитын адам бар болса, осы уикипедияға қол ұшын созса деймін. Неге десеңіз, бұл жақта ақпарат ұзаққа сақталады. Иә, басқа қатысушылар өңдеуі, жаңартуы мүмкін. Алайда ол ешқайда кетіп қалмайды. Мысалы, біздің қазақ тілді кейбір сайттар бірнеше жыл тұрады да, жабылып қалады. Олар жабылғанда ішіндегі ақпаратымен қоса толық өшіп кетеді. Ал уикипедияда барлық ақпарат тұра береді, өйткені оны уикимедиа қоры қаржыландырады, — деді маман.

Уикипедияның ерекшелігі

  1. Уикипедия сайты өз-өзін толықтай қайырымдылық арқылы қаржыландырады. Яғни, сайтты қолдағысы келген адамдар қайрымдылық ретінде ақша жібереді. Ал мамандар сол ақшаны хостиң, сервер қызметіне, ішіндегі ақпаратты қорғау үшін IT мамандарына төлейді.
  2. Қазақша уикипедияны толтыру — ерікті іс. Ол үшін авторлар ақы алмайды.
  3. Іс-шара, жарыс, конференция ұйымдастыратын кезде ұйымдастыру шығындарына уикимедия қорынан грант сұрауға болады. Бірақ ол қаражат адамдарға емес, іс-шараға жұмсалады.
  4. Уикипедия — жарнамасыз жұмыс істейтін, әлемдік деңгейдегі санаулы сайттың бірі.

Қазақша уикипедиядадағы ТОП-3 қызық ақпарат қандай?

  1. Бүгінде түркі тілдес мемлекеттер арасында түрікше уикипедия ауқымы жағынан кеңірек. Соған қарамастан, қазақша уикипедия (2002 жылғы маусым айы) түрікше уикипедияға қарағанда (2002 жылғы желтоқсан айы) бірінші ашылған.
  2. «Жыл уикимедиашысы» атағын ең бірінші болып 2011 жылғы тамызда қазақ уикипедиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы алды. Ол қазақша уикипедияны жақсарту үшін тұрақты қауымдастық жинаған. Бір жылда белсенді редакторлар саны төрттен 200-ге, мақалалар саны 7 000-нан 130 000-ға дейін өскен.
  3. 2011-2025 жылдары бір қатысушы өзі Қазақстанда тұрмаса да, сайтта әкімші (администратор) қызметін атқарып келген. Ол — Омбы қаласында тұратын қазақ. Қазақша тек бастапқы деңгейде білгеніне қарамастан, маңызды өңдеулер істеп жүрген.

Анықтама

Уикипедия — көп тілді, ғаламторға негізделген, тегін және ашық мазмұнды энциклопедиялық жоба. Уикипедия сөзі «уики» (көп адамдар бірлесіп істейтін интернет парақша) және «энциклопедия» деген екі сөздің қосылуынан пайда болған.