Хаби Алонсо қызметінен кетті: «Реалды» Арбелоа басқарады

Мадридтің «Реал» футбол клубының бас бапкері Хаби Алонсо қызметінен кетті. Ол бұл лауазымда небәрі сегіз ай ғана жұмыс істеді.

Клуб басшылығы 44 жастағы Алонсоның орнына 42 жастағы Альваро Арбелоаны тағайындағанын хабарлап отыр.

Арбелоа бұған дейін «Реалдың» жастар командасын жаттықтырған және Алонсомен Испания құрамасы мен «Ливерпуль» клубында бірге ойнаған.

Хаби Алонсоның қызметтен кетуіне кейінгі нәтижелер әсер еткені айтылады. «Реал» жексенбі күні Испания Суперкубогының финалында басты қарсыласы «Барселонадан» жеңіліп қалды. Сонымен қатар Ла Лига турнир кестесінде мадридтік клуб каталониялық командадан төрт ұпайға қалып, екінші орында тұр.

Айта кетейік, Хаби Алонсо футболшы ретінде «Реал» сапында бес маусым ойнаған. Бапкер ретінде ол 2024 жылы Германияның «Байер» (Леверкузен) клубын чемпион атандырып, 2025 жылдың жазында Карло Анчелоттидің орнына «Реалдың» бас бапкері болып тағайындалған еді.

Ал жаңа бас бапкер Альваро Арбелоа былтырғы көктемнен бері «Реалдың» екінші командасын жаттықтырып келген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да