Олжас Бектенов экономиканы дамыту мәселелерін талқылады

Не болды?

Премьер-министр Олжас Бектенов экономика сарапшыларымен кездесу өткізді. Онда экономиканың дамуы мен негізгі салаларын талқылады. Мемлекет тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға міндетті екенін айтты.

Мәлімет

Кездесу барысында сарапшылар экономикалық өсудің негізгі мәселелері мен бағыттарына өз бағасын берді. Жаһандық процестер мен әлемдік конъюнктураның ықпалын ескере отырып, ұлттық экономиканың даму қарқынын болжады. Салалық жаңғыртудың басымдығы, нарықтың сұранысы және оларды технологиялық бастамалармен өзара байланыстыру бойынша ұсыныстар айтылды.

Кімдер қатысты?

Кездесуде

  • Еуразия ұлттық университетінің директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев;
  • NAC Analytica басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов;
  • AERC қолданбалы экономика зерттеу орталығының бас директоры Жәнібек Айғазин;
  • Visor инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Алмас Чукин;
  • зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі Әнуар Боранбаев;
  • CSI жеке консалтингтік компаниясының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов;
  • «TALAP қолданбалы зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының директоры Асқар Қысықов;
  • «Комментарий» талдау тобының жетекшісі Эльдар Шамсутдинов өз пікір мен ұсыныстарын айтып, сөз сөйледі.

Қандай тақырыптар талданды?

Жиында инфляцияға қарсы күрес, отандық өндірісті ұлғайту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, ЖИ-ді дамыту үшін электр энергиясын өндіру, инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.

Салық реформасы

Салық реформасын талқылау кезінде өтпелі кезеңнің маңызы айтылды. Үкіметтің шешіміне сәйкес, ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Салық бойынша өсімпұл мен айыппұлдар қарыздың негізгі сомасы 2026 жылғы 1 сәуірге дейін өтелген болса есептен шығарылады.